АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 76-орында тұрған чехиялық Каролина Муховамен кездесті.
Екі сағат 22 минутқа созылған тартысты матчта Юлия Путинцева 3:6, 6:4, 4:6 есебімен есе жіберді. Ол 8 брейк-пойнттың жартысын пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
К.Мухова екінші айналымда Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасады.
Жалпы жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған додада Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда америкалықтар Слоан Стивенс немесе Софья Кениннің біреуімен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде 19 жастағы қазақстандық теннисшінің ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Астанадағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).