Юлия Путинцева Франция ашық чемпионатында екі рет 2016 және 2018 жылдары ширек финалға дейін жеткен еді.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, 2017 жылғы US Open жарысының жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенспен ойнады.
Осыған дейін қарсыластар өзара бес мәрте кездесіп, соның үшеуінде Ю.Путинцева жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда америкалық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.
Есесіне екінші сетте Юлия 5:2 есебімен алға кетіп, өз пайдасына аяқтай білді – 6:3.
Әйтсе де шешуші, үшінші партияда америкалық теннисші күш алып кетті – 6:2.
Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 1 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың бесеуін ғана пайдаланды.
Қарсыласы 7 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
С.Стивенс ширек финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен таласады.
Ол дүниежүзілік рейтингте 82-орында тұрған ресейлік Камилла Рахимованы оңай тізе бүктірді – 6:2, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады, ал Александр Недовесов үшінші айналымға жолдама алды.
Қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы жарыстың ширек финалында кездеседі.
Ролан Гарроста Қазақстан теннисші қыздары үздік үштікке енді.