АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 58-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Юлия Путинцева 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде қытайлық спортшы есе қайырды - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Юлия бірден алға кетті - 2:0. Ақыры сол қарқынын төмендеткен жоқ - 6:2.
Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.
Юлия Путинцева төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 30-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс немесе рейтингте 41-орындағы ресейлік Варвара Грачеваның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның келесі ойынның оңайлыққа түспейтіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ролан Гаррос турнирінде Скатов пен Голубев жарыс жолынан шығып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).