Ю.Путинцева ширек финалда дүниежүзілік рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен күш сынасты.
Бірінші партияны бір брейкті артық жасаған аустралиялық теннисші өз есебіне жазды – 7:5.
Есесіне екінші сетті Ю.Путинцева брейкпен бастап, сол қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:2.
Қазақстандық теннисші үшінші, шешуші партияда да брейкпен алға кетті – 2:0. Ақыры осы басымдылығынан айырылмай, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 45 минутқа созылды.
Ю.Путинцева жүлде қоры 251,7 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалына шығу үшін әлемнің 47-ракеткасы, испаниялық Сара Соррибес-Тормо немесе рейтингте 122-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның тартысты матчта әлемнің үшінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Шымкент турнирінің ширек финалына шықты.
Ж.Құламбаева бүгін ширек финалда ресейлік Татьяна Барковаға жол берді – 6:2, 2:6, 0:6.