АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты.
Екі күн бұрын 30-ға толған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 13-ракеткасы, 20 жастағы ресейлік Диана Шнайдермен кездесті.
Бірінші партияда тай-брейкте Путинцева сәтті ойнады - 7:6 (7:3).
Екіншісінде Шнайдер есе қайырды 7:6 (11:9).
Үшінші, шешуші сетте Юлия жеңісті жұлып алды - 6:4.
Үш сағат 13 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Шнайдер 1 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 7-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен таласады.
Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 23-орынға көтеріліп тұр. Бұл оның тағы бір рекордтық көрсеткіші болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аделаидада әлемнің экс 2-ракеткасын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).