Қазақстанның екінші, әлемнің 63-ракеткасы Юлия Путинцева Хобарт (Аустралия) WTA 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Іріктеу жарысының 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған жапониялық Нао Хибиномен сәтті өткізді.
Бірінші партияда Путинцева 6:2 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сетте де сенімді ойнап, есепті 5:2-ге жеткізді. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен тәмамдады — 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде Юлия 9 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 2 брейкпен көзге түсті.
Юлия Путинцева іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 115-орындағы аустралиялық Кимберли Биррелмен шеберлік байқасады.
Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогінде Қазақстанның Аргентинаға қарсы ойнайтын құрамы анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Брисбен турнирінің финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).