Қазақстанның екінші, әлемнің 63-ракеткасы Юлия Путинцева Хобарт (Аустралия) WTA 250 турниріне жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 115-орында тұрған аустралиялық Кимберли Биррелмен кездесті.
Бірінші партияда Ю.Путинцева 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сетте де ол 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады.
Дегенмен кездесуді брейкпен бітірді — 6:4.
Сағат жарымға созылған бәсеке барысында Юлия 12 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ.
Қарсыласы 1 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша негізгі жарысқа өткен Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Брисбен турнирінің финалында Арина Соболенкомен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).