Елена Рыбакина Брисбен турнирінің финалында Арина Соболенкомен ойнайды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалында Беларусь өкілі Арина Соболенкомен ойнайды, деп хабарлайды Kazinform. 

Елена Рыбакина Брисбен турнирінің финалында Арина Соболенкомен ойнайды
Фото: ҚТФ

Е.Рыбакина осыған дейін әлемнің 2-ракеткасы А.Соболенкомен өзара 9 рет кездесіп, соның алтауында белоруссиялық теннисші басым түсті.

Тек өткен жылдың өзінде олар бес мәрте бақ сынасып, соның екеуінде қазақстандық спортшы жеңіске жетті.

Соның ішінде теннисшілер екі рет финалда бас жүлдені сарапқа салды. Аустралия ашық чемпионатының финалында А.Соболенко 4:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Кейін Е.Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 жарысының соңғы бәсекесінде қарымта қайырды – 7:6 (13:11), 6:4.

Осылайша, 7 қаңтар күні қос теннисші финалда үшінші рет кездеспек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Брисбен турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Хобарт жарысының іріктеу сайысын сәтті бастады.

Жібек Құламбаева Таиландтағы жарыстың жеңімпазы атанды.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар