МАДРИД. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 37-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен сәтті өткізді.
Бірінші партияда Юлия екі брейкпен қарсыласының қадамын аштырмады – 6:2.
Есесіне екінші сетте қытайлық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Бірақ Путинцева дер кезінде жинала білді – 6:4.
Бір сағат 27 минутқа созылған бәсеке барысында ол 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Юань Юэ 1 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
Ю.Путинцеваның екінші айналымдағы қарсыласы бұдан да азулы болмақ. Ол әлемнің 8-ракеткасы, тағы бір қытайлық Чжэн Циньвэньмен сынға түседі.
Жарысты екінші айналымнан бастайтын Елена Рыбакина италиялық, әлемнің 46-ракеткасы Лючия Бронцетти немесе рейтингіде 91-орындағы франциялық Варвара Грачеваның біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мадрид мастерс турнирінде Бублик пен Шевченконың кімдермен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).