МАДРИД. KAZINFORM Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасты.
Путинцева бірінші партияда 7:5 есебімен басым түсті.
Екінші сетте ол 2:0 есебімен алға шыққан мезетте қытайлық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Чжэн 2 эйс, 3 эйспен көзге түсті.
Юлия Путинцева төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 56-ракеткасы, америкалық Кэролайн Доулхайдпен таласады. Ол әлемнің 32-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининаны жолдан тайдырды - 6:7 (6:8), 6:2, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).