РИМ. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Швентек бір брейкпен басымдылықты сақтап қалды - 6:3. Екінші партияда Путинцева 4:1 есебімен алға кетті. Алайда бұдан кейін Швентек дес бермеді - 6:4.
Бір сағат 46 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 4 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Швентек 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Осылайша, жекелей сында Рим додасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Грузиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).