Юлия Путинцева Швециядағы турнирдің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Юлия Путинцева Бостад (Швеция) WTA 125 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Доданың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 148-орындағы сербиялық Лола Радивоевичті сынап көрді.

Бұл қос теннисшінің өзара алғашқы кездесуі еді. 

Бірінші партияда Путинцева 6:4 есебімен басым түсті. Ол екінші сетті де өз есебіне жазды – 7:5.

Екі сағат 5 минутқа созылған тартысты бәсекеде Ю.Путинцева 1 эйспен бірге 17 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Радивоевич 3 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 93-ракеткасы, аустриялық Синья Крауспен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде қарсыласын ойсырата ұтқан Заңғар Нұрланұлының үшінші айналымға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Соня Жиенбаева Португалиядағы жарыстың ширек финалына өтті.