АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та 30 наурыз – 5 сәуір аралығында өтетін Чарльстон WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстанның екінші, әлемнің 75-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда WTA рейтингісінде 111-орында тұрған жаңазеландиялық Лулу Сунмен ойнайды.
Егер оны жеңген жағдайда әлемнің бесінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға тап болады.
Әлемдік рейтингіде 11-орындағы ресейлік Екатерина Александрова доданың 2-ракеткасы болып тіркелген.
Өткен жылы мұнда финалда отандасы Софья Кенинді 6:3, 7:5 есебімен жеңген Д.Пегула үздік шыққан еді. Ал Ю.Путинцева үшінші айналымнан аса алмаған болатын.
Бұл Ю.Путинцева үшін 10-11 сәуірде Билли Джин Кинг кубогы аясында Астанада өтетін Қазақстан – Канада матчы алдындағы соңғы жарыс болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде жұптық сында үздік шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).