ЮНЕСКО Қазақстан халқын Домбыра күнімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — ЮНЕСКО Қазақстанда жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күнімен құттықтау жолдады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Ұйым өкілдерінің айтуынша, қазақтың домбыра күй өнері 2014 жылдан бері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне енгізілген.

ЮНЕСКО мәдениет жөніндегі директорының орынбасары Наиф әл-Файездің сөзінше, бұл ерекше музыкалық дәстүр халықты өзінің тарихымен, болмысымен және бір-бірімен байланыстырады.

— ЮНЕСКО Қазақстандағы домбыраға деген ерекше құрметті жоғары бағалайды және бұл баға жетпес мұраны келер ұрпаққа жеткізу мен сақтау бағытындағы күш-жігерді қолдайды, — деді ол.

Осылайша, домбыра тек музыкалық аспап қана емес, қазақ халқының мәдени болмысы мен рухани бірлігін айқындайтын маңызды мұра ретінде атап өтілді.

Айта кетейік, жақында Астанада ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы алғашқы жоғары білім диалогы ашылды.