Замбияда экожүйені қалпына келтіруге арналған ірі жоба іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Замбияда экожүйелерді қалпына келтіру, жабайы табиғатты қорғау және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жоба басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап.

Фото: WWF

Kafue Flats Wildlife, Habitat, Health and Livelihood Project жобасы елдің Оңтүстік провинциясында іске қосылды.

Жоба WWF Zambia және International Crane Foundation ұйымдарымен әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарлама табиғи экожүйелердің жағдайын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Замбияның Жасыл экономика және қоршаған орта министрлігінің тұрақты хатшысы Доути Чибамба бұл бастама табиғи ресурстарды сақтауды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қатар көздейтін мемлекеттік саясаттың көрінісі екенін айтты.

Оның сөзінше, жоба биоалуантүрлілікті сақтауға, жергілікті тұрғындардың табыс табу мүмкіндігін кеңейтуге және оларды табиғатты қорғау жұмыстарына белсенді тартуға ықпал етеді.

Доути Чибамба аталған экожүйенің ауыл шаруашылығы, қант өндірісі, мал шаруашылығы және энергетика салалары үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол өңірде экологиялық қатерлердің күшейіп келе жатқанын айтты.

— Бұл маңызды экожүйе климаттың өзгеруі, жерді тиімсіз пайдалану, табиғи мекендердің тозуы, қоршаған ортаның ластануы, адам мен жабайы жануарлар арасындағы қақтығыстар және жергілікті қауымдастықтардың әлеуметтік-экономикалық осалдығы сияқты қауіптерге көбірек ұшырап отыр, — деді ол.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру жердің тозуымен және климат өзгерісінің салдарымен күресуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бағдарлама жергілікті халық үшін тұрақты экономикалық қызметтің жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашады.

Еске салсақ, бұған дейін Аргентинада құтанға ұқсайтын, ғылымға бұрын белгісіз болған динозавр түрі табылғаны хабарланған еді.