«Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі – 102 арнасының заманауи баламасы

АСТАНА. KAZINFORM – BIZDIÑ ORTA подкастында ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Шұғыла Тұрлыбек Egov қосымшасындағы «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисінің негізгі мақсатын, ерекшеліктерін атады.

Фото: Астана әкімдігі

– Негізгі мақсат – полиция ашықтығы. Бұл сервистің ерекшелігі Egov қосымшасында, халықтың басым бөлігі қолданатын банк қосымшаларында бар. Демек, құқық бұзушылықты полиция бөлімшелеріне бармай-ақ бір батырманы басу арқылы тез арада хабарлауға болады деген сөз. Бұл сервис қоңырау шалып хабарласатын 102 арнасының заманауи баламасы, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Ал Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева аталған цифрлық сервисті енгізу мәселесі осы жылдың басынан бері Мәжіліс қабырғасында кеңінен талқыланды. Тіпті, жаз айында Мәжілісте Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен бірге үлкен дөңгелек ұйымдастырылды. 

– Шынын айту керек, бұл мәселеге күмәнмен қарадым. Өйткені, тарихты білсек домалақ арыз жазу деген болды. Бірақ, ел азаматы ретінде заң мен тәртіп қағидасына толығымен қосыламын. Себебі азаматтық белсенділігімізді көрсетпесек, өзіміз үлгі болмасақ, жастарымыз кімнен үлгі алады?! Әрине, бізден алуға тиіс. Мүмкін оны түсіну, дұрыс қабылдау үшін әлі де уақыт керек шығар. Қазіргі кезде осы сервисті енгізіп, заң мен тәртіп қағидасын міндетті түрде ұстауымыз, заңға бағынатын ел азаматы болуға тиіспіз деп халықты ақырын үйрете береміз. Бірақ, халыққа ең алдымен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, - деді Мәжіліс депутаты. 

Осы орайда Наталья Дементьева жаз айларында өңірлерде халықпен кездескенде дәл осы сервиске қатысты пікірдің екіге жарылғанын айтады. Яғни, бір тарап заң бұзушылықпен күресу қажеттігін алға тартса, екінші тарап бұл сервиске күмәнмен қарап отыр.

ІІМ өкілі заң бұзушылықтарды фото және видеоға түсіріп, «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі арқылы полиция хабарлау мүмкіндігін артықшылық деп бағалау керектігін айтады.

– Мұны сөз тасу, бір-бірін қаралау емес, мемлекеттік қызмет түрі ретінде қарастыру керек сияқты. Яғни, полиция барып, арызданып уақыт кетірмей-ақ, орын алған құқық бұзушылықты дер уақытында хабарлау үшін іске қосылған жоба ретінде қараған жөн, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Естеріңізге сала кетсек, биыл маусымда Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» жаңа цифрлық сервисін іске қосты.