Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР заңының жобасы мақұлданған болатын. Заң жобасын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев таныстырды.
Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова білім және ғылым саласында Түрікменстанмен қандай бағытта байланыстар нығая түсетінін атап өтті.
«Ең біріншіден, гуманитарлық ғылымдардың байланысын нығайту саласында, ерте және орта ғасырдағы қолжазбаларды зерттеу бағытында бірлесе жұмыс жүргіземіз. Екіншіден, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты Түрікменстан елінің латын қарпіндегі әліпбиге көшу процесін зерттейтін болады. Үшіншіден, біз Түрікменстан елінің ғалымдарымен бірге баламалы қуат көздерін қолданысқа енгізу бағытында жұмыс жүргіземіз. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы ИЫҰ елдерімен ғылыми бағдарламаға қол қойылған болатын. Осы бағдарламаға байланысты аталған елмен бірлескен ғылыми жұмыстардың ауқымы кеңейеді», - дейді БҒМ вице-министрі.
Сондай-ақ вице-министр қазақстандық ЖОО-ларға түрікменстандық студенттерді көптеп тарту көзделетінін тілге тиек етті.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 1231 түрікменстандық студент оқып жатыр. Қазақстанның студенттері ол жақта жоқ. Біздің ойымызша, аталған шарттың ратифтикациялануы сол елден біздің елге келетін студенттер санын 2-3 есеге көбейтуге мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейінгі келісімдерге сәйкес, 13 қараша күні ол жақта біздің ЖОО-ларды таныстырып, көрме өткіздік. Жыл сайын Қазақстанда Түрікменстаннан 250 студент қабылданады. Келесі жылдан бастап ол жақтан келетін студенттердің саны көбейер деген сенімдеміз. Яғни, біз өзімізді Орталық Азияда білім хабы ретінде көрсеткіміз келеді», - дейді Бибігүл Асылова.