Заңдастырылған 206 мың шетелдік көліктің «орташа жасы» – 10-15 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде заңдастырылған шетелдік көліктердің «орташа жасы» туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 маусымға дейін 206 мың шетелдік көліктің заңдастырылғанын айттыңыз. Бұл көліктердің көбі ескірген. Жол қауіпсіздігін ушықтырмай ма? Осы көліктердің «орташа жасы» неше?» - деп сұрады журналист.

Қайсар Сұлтанбаев көліктің жол қауіпсіздігін ушықтыру мәселесі Қазақстанда заңдастырған иесіне байланысты екенін айтты.

«Ал, олардың «орташа жасын» сізге нақты айта алмаймын. Шығарылғанына шамамаен 10-15 жыл болған», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ол шетелдік көліктерді заңдастыру процесі басталғаннан бері елде көлік апатынан зардап шеккендер азая бастады деген дерек келтірді.

«Биыл көлік апатынан жарақат алғандар саны былтырғыдан 1,5 мыңға аз, 17 пайыз азайған. 2022 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан жолдарында 947 адам қайыс болып, 8 117 адам жарақат алған еді. Ал биыл, 916 адам қайтыс болып, 6 762 адам жарақаттанған», - деді ол.