Заңдылық шенеуніктерден басталуы тиіс: Бас прокуратурада қандай мәселе көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратурада «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі және киберқылмысқа қарсы күрес мәселелері талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Бас прокуратурада «Заң мен тәртіп» принципінің жүзеге асырылуы талқыланды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Бас прокуратурада өткен «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылуына қатысты.

Фото: Үкімет

Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын және заңдылық мемлекеттік аппараттан басталуы тиіс екенін атап өтті.

Киберқылмыс, интернет алаяқтық секілді жаңа сын-қатерлерге дер кезінде назар аудару маңызды екенін, технологиялар шенеуніктердің жеке жауапкершілігін алмастыра алмайтынын айтты.

Фото: Үкімет

Құқық бұзушылықтың профилактикасы, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру негізгі басымдық деп аталды. Жұмыс тиімділігінің басты көрсеткіші адамдардың өміріндегі нақты өзгерістер болуы тиіс.

Конференция қорытындысы бойынша қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша нақты практикалық ұсыныстар әзірленеді.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізген еді.