Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтардан алғаш рет Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы Аустралияның Тралалгон қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан J300 турнирінде тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған, осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген Заңғар Нұрланұлы алдымен ресейлік Марат Салбиевті ойсырата ұтты – 6:0, 6:3.

Содан кейін германиялық Оливер Маджанжиктен айласын асырды – 6:4, 6:1.
Заңғар үшінші айналымда жасөспірімдер арасында әлемнің 21-ракеткасы, америкалық Гавин Гудты қапы қалдырды – 7:6 (7:5), 6:1.

Осылайша, Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтар арасынан алғаш рет аталмыш доданың ширек финалына шықты. 

Қазақстандық жас спортшы жартылай финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 5-ракеткасы, бразилиялық Луис Гуто Мигуэлмен таласады. 

Тралалгон жарысы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионаты қарсаңында өтіп жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның сенсация жасап, жеңіске жеткенін жазған едік.