Әзербайжанның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, мемлекет басшысы елдің теміржол және автомобиль инфрақұрылымына инвестиция сала отырып, жаңа көлік дәліздерін ашып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Ильхам Әлиев Шығыс-Батыс дәлізінің табысты жұмыс істеп тұрғанын еске салды.
– Шығыс-Батыс дәлізінің тағы бір тармағына айналатын Зангезур дәлізі АҚШ президенті, Армения премьер-министрі және менің арамызда 2025 жылғы 8 тамызда Ақ үйде қол қойылған құжатқа сәйкес міндетті түрде салынады, – деді Әзербайжан президенті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ әлемнің қазба отынынсыз өмір сүре алмайтынын айтты.
– Барлығымыз климатты жақсартып, планетаны сақтап қалғымыз келеді. Барлығымыз экологиялық тұрғыдан қолайлы ортада өмір сүргіміз келеді. Бірақ бүгін біз өте прагматикалық әрі шынайы болуымыз керек. Болашақты энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан жоспарлап, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салуымыз қажет, – деді Ильхам Әлиев.
Оның айтуынша, Әзербайжанның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қосатын үлесі алдағы уақытта арта түседі.
Президент ақылға қонымды энергетикалық саясаттың арқасында Әзербайжанның енді шетелге инвестиция сала алатынын атап өтті.
– Осыдан отыз жыл бұрын біз инвесторларды тартатынбыз. Қазір өз инвестицияларымызды шетелге бағыттап отырмыз. Бүгінде біздің SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия елдеріне инвестиция салып жатыр. Бұл география алдағы уақытта кеңейе береді, – деді Әзербайжан президенті.
Ильхам Әлиев қазіргі уақытта Әзербайжанның энергетикалық кабельдер тарту мәселесі бойынша серіктестерімен тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанын да айтты.
Ол Қара теңіз энергетикалық кабелі Әзербайжаннан Грузияға, одан әрі Қара теңіз арқылы Румынияға, Мажарстанға және басқа да елдерге дейін тартылатынын атап өтті.
Сонымен қатар Әзербайжан–Грузия–Түркия–Болгария бағытындағы құрлықтық электр жеткізу желісі жобасы да іске асырылып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бакуде өткен форумда экологиялық жобаларын таныстырды.