Заңсыз декреттік төлемдерге қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жүктілік пен бала туу бойынша заңсыз әлеуметтік төлем алумен байланысты 38-ден астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлім етті.

Коллаж: canva

Мәжілістің жалпы отырысында, 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында депутат Үнзила Шапақ декреттік төлемдерді тағайындау кезіндегі заң бұзушылықтар мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата қорытындысына сәйкес, жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне заңнамалық шектеулердің уақытылы енгізілмеуі салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтері 67 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ішкі аудит жүргізіліп жатқанын айтты.

— Осы айда аудитті аяқтаймыз. Оның қорытындысы бойынша жазбаша жауап ұсынамыз, — деді министр.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министр Виктория Шегай заң бұзушылықтар қор мен Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті жүргізген тексерулер барысында анықталғанын атап өтті.

— Қазақстанның 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Барлық іс құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі таңда бұл істер бойынша мыңнан астам әйелге қатысты тергеу жүргізілуде. Алдын ала есептелген жалпы шығын көлемі 3 млрд теңгені құрайды, — деді ол.

Оның айтуынша, заңсыз төлем алу схемаларын ұйымдастырған тұлғаларға қатысты тоғыз қылмыстық іс бойынша сот үкімдері шығарылған.

Айта кетейік, елімізде бала күтімі бойынша демалыс ресми түрде тек аналарға ғана емес, әкелерге де тең дәрежеде қарастырылған.