НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Гонконгтағы ITF турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 77-орында тұрған З.Дияс финалда әлемнің 72-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, қытайлық Чжу Линьмен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен аяқтады.
Екінші сетте есеп 6:5 болып, қытайлық теннисші доп бергенде, Зарина матчты жеңіспен тәмамдай алды – 7:5.
Осылайша З.Дияс жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің жеңімпазы атанды.
Енді Зарина Қытайдағы Шэньчжэнь WTA жарысында бақ сынайды. Оның ертеңгі қарсыласы – рейтингте 396-орындағы қытайлық Йин-Йин Дуань. Тағы бір қазақстандық, әлемнің 37-ракеткасы Елена Рыбакина ертең осында рейтингте 42-сатыдағы тағы бір қытайлық Чжэн Сайсаймен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Гонконг турнирінің финалына шыққанын, ал Юлия Путинцеваның Брисбен жарысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).