Зарина Дияс Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 275-ракеткасы Зарина Дияс Таусте (Испания) ITF W35 турнирінің чемпионы атанды.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалға дейін іркілмей жетті.
Соңғы бәсекеде Зарина әлемдік рейтингіде 446-орында тұрған италиялық Дилетта Керубинимен чемпиондық атақ үшін кортқа шықты.

Бірінші партияда З.Дияс 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді — 6:1.

Екінші сет брейк алмасумен басталды. Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, өз геймін де алды — 5:3. Алайда Керубини таразы басын теңестіріп, тай-брейкте сәтті ойнады — 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда Зарина айқын басымдылық көрсетті — 6:1.

Тартысты өткен матч екі сағатқа созылды.

Бұл — жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін кортқа 2024 жылы оралған З.Диястың содан бергі ITF додаларындағы үшінші трофейі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Ноттингем турнирінің бас жүлдесіне таласады.

Александр Бублик екінші рет Галле турнирінің финалына шықты.