НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Қытайдағы Шэньчжэнь WTA турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 75-ракеткасы З.Дияс алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 397-орында тұрған қытайлық Йин-Йин Дуаньмен өткізді.
Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен қиналмай жеңді.
Бәсеке 1 сағат 9 минутқа созылды. Теннисшілердің өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 2:2.
Осыған дейін Гонконгта жеңімпаз атанған Зарина Шэньчжэнь жарысының (жүлде қоры – 750 мың АҚШ доллары) екінші айналымында ресейлік, әлемнің 58-ракеткасы Анна Блинковамен кездеседі. Ол әлемнің 8-інші, осы турнирдің 1-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичті 3:6, 6:3, 6:3 есебімен жеңіп кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Гонконгта жеңімпаз атанып, Юлия Путинцеваның Брисбенде негізгі турнирге жолдама алғанын, ал Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: twitter.com/
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).