Зеленский: Аумақ мәселесін украин халқы шешуі тиіс

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM — Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің АҚШ-қа «бейбітшілік жоспарының» жаңартылған нұсқасын жібергенін растады, деп хабарлайды BBC.

Владимир Зеленский бейсенбі күні журналистермен әңгіме барысында Ресейге берілуі мүмкін территориялық аумақтар мәселесін Украина халқы шешуі тиіс деп айтты.

— Мен украин халқы бұл сұраққа жауап береді деп ойлаймын. Сайлау болсын, референдум болсын, украин халқы өз ұстанымын білдіруі керек, — деді ол.

Зеленский сонымен қатар Киевтің АҚШ-қа «бейбітшілік жоспарының» жаңартылған нұсқасын жібергенін растады. Ол АҚШ елдің шығысында Ресей мен Украина әскерлері арасында келісімнің бөлігі ретінде демилитаризацияланған «еркін экономикалық аймақ» құруды талап ететінін қоса айтты.

— Олар украин әскерлерінің Донецк облысынан кетіп жатқанын көріп отыр. Олар қазірдің өзінде «еркін экономикалық аймақ» немесе «демилитаризацияланған аймақ» деп атайтын бұл аумақты кім басқаратынын білмейді, — деді Украина басшысы тілшілерге.

Еске сала кетейік, Америка Құрама Штаттары Ресей-Украина қақтығысын шешу бойынша бейбітшілік жоспарын шамамен үш апта бұрын ұсынған болатын.

Сондай-ақ, біз Трамптың «Бейбітшілік жоспары» 13 желтоқсанда еуропалық елдердің қатысуымен Парижде талқыланатынын хабарладық.