Зейнетақы шегінің өсуі ипотекаға сұранысты төмендеткен жоқ — Отбасы банк

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің ұлғаюы қазақстандықтардың ипотекалық несиеге сұранысына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.

Фото: pexels

Оның айтуынша, жаңа шектер енгізілгеннен кейін де банкке келіп жатқан қаражат көлемі азаймаған. Тіпті биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары.

— Жыл басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақтарына 800 млрд теңге түсті. Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі осы депозиттерді толықтыруға жұмсалды. Соның арқасында азаматтар баспана алуға қажетті жинақ қорын қалыптастырып жатыр. Шілде мен тамыз айларында да сұраныс бірқалыпты сақталды. Тіпті тамыздың соңында ипотекалық өтінімдердің көбейгенін көріп отырмыз, — деді Ләззат Ибрагимова.

Банк басшысының айтуынша, тамыз айында ипотекаға өтінімдердің көбеюі «1 қыркүйек әсерімен» байланысты болуы мүмкін. Яғни, балалары жоғары оқу орындарына түскен ата-аналар студенттер оқитын қалалардан баспана сатып алуға кіріскен.

— Қазір өңірлерден ірі қалаларға келетін клиенттердің көбейгенін байқап отырмыз. Олар еліміздің жетекші университеттері орналасқан қалалардан тұрғын үй алу үшін ипотекалық өтінім беріп жатыр. Бұл — жаңа бағдарламалардың қатысушылары емес. Олар ұзақ уақыт бойы өз қаражатын жинап келген азаматтар. Балалары 18 жасқа толғанда тұрғын үй мәселесі туындайтынын алдын ала ескерген. Сондықтан зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің айтарлықтай өсуіне байланысты қандай да бір өзгерісті байқап отырған жоқпыз, — деді ол.

Сонымен бірге, ипотекалық өтінімдер бойынша бас тарту деңгейі өзгермеген. Ләззат Ибрагимова өтінімдерді қарау кезінде банк скорингтік жүйені қолданатынын еске салды. Жүйе шешімді қарыз алушының несие тарихы негізінде автоматты түрде қабылдайды.

— Барлық қазақстандықтарға ескертерім: мұндай кезеңде микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар, ломбардтағы несиелер немесе бөліп төлеу қызметтері бойынша тіпті бір күндік кешіктірудің өзі скорингтік балға әсер етуі мүмкін. Азаматтар маған басқарма төрағасы ретінде де, e-Otinish арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да жиі жүгінеді. Біз оларға скорингтік жүйеге ешкім араласа алмайтынын түсіндіреміз. Жүйе адамның бүкіл несие тарихын есептеп, соның негізінде бағасын төмендетуі мүмкін, — деді банк басшысы.

Бұған дейін Отбасы банк басшысы тұрғын үй кезегіндегі заңсыздықтың мән-жайын түсіндірген еді.