АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияның Варна қаласында спорттық гимнастикадан өтіп жатқан кезекті Challenge Cup турнирінде қазақстандық Зейнолла Ыдырысов жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық гимнаст ат снарядындағы жаттығудан күміс жүлдеге қол жеткізді.
Зейнолла Ыдырысов 14.233 ұпай жинады. Одан сәл көбірек ұпай алған вьетнамдық Нгок Хуан (14.266 ұпай) чемпион атанды.
Өзбекстандық Абдулла Азимов қола жүлдеге ілікті.
Бұдан бұрын наурыз айында Түркияның Анталия қаласындағы әлем кубогы кезеңінде Зейнолла Ыдырысов дәл осы жаттығудан екінші орынға ие болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде Нариман Құрбановтың алтын, Зейнолла Ыдырысовтың күміс алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).