«Өткен оқу жылы еліміздің білім беру ұйымдарында қызмет ететін 600 мыңға жуық педагогтың адал да тынымсыз еңбегінің арқасында маңызды оқиғалар мен жетістіктерге толы болды. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушыларымыздың халықаралық аренадағы жүлде қоры 424 медальмен толықты. Оның ішінде 50-і алтын», - деді министр өз құттықтауында.
Министрдің айтуынша ең үздік жаһандық олимпиадаларда әрбір екінші қазақстандық қатысушы жүлделі орын иеленді.
«Мұның өзі сөзсіз сіздердің еңбектеріңіз. Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауының арқасында бүгінде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда білім беруде. Қосымша 536 оқушы орнына арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 1,5 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сапалы интернет көрсеткіші 3 есе артты. Балабақша тәрибешілерінің жалақысы 30 пайыз, ал колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайыз өсті», - деді Ғ.Бейсембаев.
Өткен жылдың қыркүйегінен бастап, барлық білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Педагогикалық қолдау орталықтарын ашу арқылы ата-аналардың баланы оқыту мен тәрибелеу процесіне қатысуы екі есе артқан.
«Алдымызда қазақстандық білім саласын дамытуды, жетілдіруді талап ететін жаңа міндеттер тұр. Бұл білім беру сапасын арттыру, инклюзивтікті күшейту, білім беруді барлық санаттағы балалар үшін қолжетімді ету, сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әр мектеп жайлы, қауіпсіз білім беретін орта болуы керек, онда әрбір бала өз әлеуетін ашып, ел игілігі үшін дамуы қажет. Біздің жұмысымыздың іргелі ұстанымдары қауіпсіздік, сенім және құрмет болуы керек», - деді сала министрі.
Айта кетейік, елордада «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» атты Тамыз кеңесі өтіп жатыр. Оған 500 мыңнан астам білім беру қызметкері онлайн және оффлайн қатысып жатыр.