Жағажай футболынан Еуролигада Қазақстан құрамасы екі мәрте жеңіске жетті

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Кастелламмаре ди Стабиа қаласында өтіп жатқан Еуролига аясында (EBSL 2025 – Euro Beach Soccer League) Қазақстан құрамасы алғашқы екі ойында жеңіске жетті.

Қазақстандық футболшылар В дивизионында Румыния, Норвегия және Мальтамен сынға түсіп жатыр.

Доп додасы барысында ел құрамасы алдымен Румынияны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл ойында Артур Деринг, Айдын Мәліков, Михаил Кайзер мергендік танытты.

Ал бүгін ел құрамасы Норвегиядан 6:4 есебімен басым түсті. Бұл жолы Артур Деринг, Михаил Кайзер, Әбдіқадыр Құрбанов, Алан Мыңбаев, Владислав Шевчук көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Енді отандастарымыз алдағы ойынын 27 шілдеде Мальтаға қарсы өткізеді.

Жарыс алдында ұлттық құрама 20-24 шілде аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Ұлттық құраманың аға бапкері міндетін Артем Ерохнович атқарады.

Еске салсақ, жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы былтыр Еуролиганың топ-дивизионына өтті.