Әйелдер арасындағы турнирге төрт команда қатысты: Қазақстан, Қытай, Таиланд және Гонконг. Жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылып, әр команда бір-бірімен кездесті.
Соңғы кезеңге дейін Қазақстан мен Қытай құрамалары екі рет жеңіске жеткен. Сондықтан алтын медаль үшін шешуші матч осы екі команда арасында өтті.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұйымдастырушылар шешуші кездесуді кейінге қалдырып, оны жабық ғимаратта өткізді.
Матч тартысты өтті. Қытай командасы үш кезеңде басым түсіп, ал Қазақстан құрамасы бір кезеңде ғана жеңіске жетті. Соның нәтижесінде есеп 3:1 Қытайдың пайдасына болды.
Қазақстандық спортшылар осылайша екінші орынға ие болып, ел қоржынына жағажайдағы Азия ойындарының бесінші жүлдесін салды. Саньядағы жарыста ел намысын Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай қорғады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан джиу-джитсудан жағажайдағы Азия ойындарында 4 медаль еншілегенін хабарлаған едік.