— Алматы гарнизоны әскери сотының қаулысымен, Е.Қ. Қапардың жағы сынуы дерегі бойынша Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөлімінің сарбазы Қ.Ә. Алдаберген ҚР Қылмыстық кодексі 440-бабының 2-1-бөлігі бойынша (әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзып, денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіріліп жасалған іс-әрекет) кінәлі деп танылып, жәбірленуші Е.Қ. Қапармен өзара татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігімен өндірістен қысқартылып, кінәлі қылмыстық жауаптылықтан босатылған, — делінген ресми жауапта.
Дегенмен, Бас әскери прокуратурасының хабарлауынша, бұл фактіге байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған.
— Сонымен қатар, ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік Әскери тергеу басқармасы Гвардия бөлімімен және Гвардейск гарнизоны Әскери полиция бөлімімен әскери қызметшілерге қатысты ҚК-нің 451-бабына (билікті асыра пайдалану) және ҚК-нің 440 бабы (әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті тергеу амалдары мен сараптамалар жүргізіліп, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып келеді. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін оқиғаның мән жайын толық жазғанбыз. Зардап шеккен сарбаздың туыстары таратқан ақпаратқа сай, оны сержант темірмен ұрып, жағын сындырған. Алайда сержанттың өзі мұны жоққа шығарып, жарақат алған сарбаз өзі секілді қатардағы жауынгермен төбелескенін айтқан еді.
Ал ҚР Қарулы Күштері әскери полициясы бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты үш командир мен орынбасары қызметінен босатылғанын мәлім етті.
Ал күдікті ретінде жәбірленушінің борыштасы айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.
Сонымен қатар, әскерде жағы сынған сарбаз басқа бөлімге ауыстырылды.