АСТАНА. KAZINFORM – Жалақы уақытында төленбеген жағдайда қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов мәлімдеді.
Баспасөз конференциясында спикерден жалақы бірнеше күнге кешіктірілген жағдайда қызметкердің қандай құқықтары бар екені сұралды.
– Еңбек кодексінде белгіленген талаптар бұзылған жағдайда әрбір қызметкер, ең алдымен, мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады. Жалақыны төлеу мерзімі бұзылса, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті, – деді Мұрат Шәкенов.
Айта кетейік, бұған дейін жұмыс беруші еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын қызметкердің келісімінсіз өзгерте алмайтыны, еңбек шартына енгізілетін өзгерістер тараптардың келісімімен рәсімделетінін жаздық.
Назерке Сүйіндік
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ұлыбританиядағы Sussex университетінде магистр дәрежесін алған. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің саясаттану мамандығы бойынша PhD докторанты. Бұған дейін BAQ.kz, Strategy2050.kz, QazaqTimes.kz секілді ақпараттық платформаларда жұмыс істеген. Қазір «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі. Халықаралық саясат, дипломатия, медиа, ақпараттық саясат және қоғамдық-саяси мәселелерді тұрақты түрде жазып келеді.