Жалақы бойынша актілер міндетті түрде Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы бекітіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында аталған ведомствоның төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін палата отырысында бірінші оқылымда талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

«Мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыру қарастырылып отыр. Ақпан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау Агенттікке берілді. Бұрын мұндай істерді әкімдіктердің еңбек инспекциясы қарайтын. Аталған түзету 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі. Осы орайда «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда Агенттіке мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы бекітіледі», - деді Д. Жазықбаев.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы саласындағы актілерді Агенттікпен келісуге қатысты түсінік берді.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жүйесін және оларға сыйақы төлеу тәртібін Үкімет бекітеді. Оны әзірлейтін – Ұлттық экономика министрлігі. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру саласында бірыңғай саясатты ұстану мақсатында, еңбекақы саласындағы актілерді міндетті түрде Агенттікпен келісу ұсынылып отыр», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем берілетінін, бұл қаражат пәтер жалдауға бағытталатынын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.

Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек.

Бұдан бөлек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік қызмет пен кадр саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өкілеттік берілмек.