Оның айтуынша, мұндай жағдайларды анықтау үшін ваучерлік қаржыландыру жүйесіне тәуекелдерді басқару тетігі енгізілген. Тексеруді Қаржы орталығы тоқсанына бір рет жүргізеді.
— Аталған жүйе жалған контингент пен фиктивті жазбаларды анықтауға мүмкіндік беріп отыр, — деді Гүлнара Искакова.
Балабақшалар ұсынған мәліметтер мемлекеттік электронды ақпараттық жүйелер, оның ішінде Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы тексеріледі. Егер тексеру барысында мәліметтердің дұрыс еместігі анықталса, Қаржы орталығы тиісті білім басқармасына балабақшаны қызмет көрсетушілер тізімінен алып тастау қажеттігі жөнінде хабарлайды.
Ваучерлік жүйеде балабақшаға қаражат баланың оған нақты барғаны ата-ана тарапынан расталғаннан кейін ғана төленеді. Осы тетік пен тексерулердің нәтижесінде пилоттық жоба аясында 35 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.
Қазір ваучерлік қаржыландыру пилоты 20 қала мен 23 аудандағы шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда жұмыс істейді. Жоба аясында 1,2 млн-нан астам ваучер берілген.
Айта кетейік, бұған дейін үнемделген 35 млрд теңгенің қайда жұмсалғаны хабарланды.