Жалған құрылыс пен қаржы пирамидалары: қазақстандықтардың миллиардтары қайда кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Кейінгі жылдары елде үлестік құрылыс, инвестициялық жобалар мен жалған қайырымдылық қорларына қатысты алаяқтық схемалардың күрт көбейіп кетті. Бұл істердің барлығын біріктіретін бір ортақ нәрсе бар — жарнамалардағы танымал есімдерге, беделді тұлғалар мен әдемі уәделерге адамдардың сенуі. Алайда көбіне бұл жарнамалардың артында қылмыстық әрекеттер жасырынып жатады. Бұл туралы Kazinform ақпарат агенттігі жазды.
Семейде резонанс тудырған жайт: журналист Асхат Ниязов және DALA SK тұрғын үй кешені
Аса көп талқыланған оқиғалардың бірі — журналист, блогер Асхат Ниязовтың Семей қаласындағы DALA SK құрылыс компаниясының тұрғын үй кешенін жарнамалаған бейнебаяны болды. Бұл видео көптеген қарапайым тұрғынның қызығушылығын оятып, өз баспанасына қол жеткізуді армандаған халықты сендірді. Көпшілік журналисттің кеңесіне сеніп, жобаның инвесторына айналды.
Алайда біраз уақыт өткен соң, құрылыс нормалары өрескел бұзылғаны анықталды. Компания құрылысты рұқсатсыз жүргізген. Тексеру нәтижиелері бойынша ғимарат апатты деп танылды. Нысанды бұзу туралы шешім қабылданды, ал DALA SK басшылығы алаяқтық үшін сотталды. Келтірілген шығын миллиардтаған теңге.
Асхат Ниязов кейінірек өзі де алданып қалғанын айтып, түсініктеме берді. Алайда, жарнама түсірер алдында қарапайым құжаттық тексеріс неге жүргізілмегені — әлі де ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Бұл — танымал тұлғаға деген сенімнің қаржылық шығынға айналғанының бір ғана мысалы.
Ақтау: тағы бір жалған құрылысшы және 70 млн теңге шығын
Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру барысында Корниенко Н.Н. ешқандай өкілеттігі болмаса да, өзін «СК 2032» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы ретінде көрсетіп, «МИЗАМ» көпқабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуға қатысты 9 келісімшарт жасаған. Осылайша ол азаматтардың 70 миллион теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қаржылық пирамида және блогерлер: көпшілік алдындағы бедел — алдаудың құралы
Ерекше назар аудартқан істердің бірі — Mudaraban Capital компаниясының алаяқтығы. Бұл ұйым қаржылық пирамида деп танылды. Оны танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев жарнамалады.
Алматы қалалық Полиция департаменті қылмыстық істі қаржы пирамидасын құру және ұйымдастыру фактісі бойынша «ASTEX.KZ» ЖШС және «ACD technology» ЖШС-лардың лауазымды тұлғаларының үстінен азаматтар тобы берген ұжымдық арыз негізінде тіркеген болатын.
Тергеу деректері бойынша, қаржылық пирамидалардың ұйымдастырушылары — «Astex.kz» ЖШС, «ACD technology» ЖШС және «Mudarabah Capital» ЖШС — жәбірленушілермен әртүрлі келісімшарт жасап, ақшаны мемлекеттік сатып алуға бағыттаймыз деп сендірген. Инвесторларға ай сайын 20% табыс табасыңдар деп уәде берген. 200-ге жуық жәбірленуші шамамен 2 млрд теңгені Astex.kz компаниясының шотына Mudarabah Capital арқылы аударған. Жалпы келтірілген шығын 8,5 млрд теңгеден асты.
Кейін сот бұл іс бойынша 12 адамды кінәлі деп таныды. Олардың арасында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Екеуі де қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеумен 5 жыл бас бостандығынан айырылды.
«Biz Birgemiz» қоры: қайырымдылықтан қылмыстық табысты заңдастыруға дейін
Бастапқыда Перизат Қайрат негізін қалаған «Biz Birgemiz» қоры ізгі ниетті бастама болып көрінген еді. Алайда қазір белсендіге аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.
Қылмыстық іс материалдары 109 томнан тұрады. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 3,5 млрд теңге. Қылмыстық жолмен алынған, жалпы құны 865 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Тергеу аясында зергерлік бұйымдар, қымбат аксессуарлар тәркіленіп, жылжымайтын мүлік пен көліктерге де бұғат қойылды.
Перизат Қайрат басқаратын «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры сот шешімімен жабылды.
Сәуірдің басында Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.
Жақында Жоғары сот Перизат Қайраттың сотын тікелей эфирден көрсету мәселесін қарастыруға дайын екендерін жеткізді.
Сенім мен сауатсыздықтың соңы — миллиардтаған шығын
Асхат Ниязовтың жарнамасы, Ақтаудағы үлескерлер ісі, блогерлер жарнамалаған қаржы пирамидасы және «Biz Birgemiz» қорының тарихы — бұлардың бәрі үлкен мәселелердің көрінісі. Қоғам әлі де сенгіш әрі манипуляцияға бейім болып отыр.
2024 жылдың сәуір айында Қаскелеңде заңсыз салынып жатқан үйлерге 100-ден астам үлескер 972 млн теңге салғаны белгілі болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, 2021–2023 жылдар аралығында «Toредо» ЖШС басшылығы құрылыс жүргізуге рұқсаты мен жобалық-сметалық құжаттамасы болмағанына қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы «НOME», «НOME Оңтүстік», «НOME SAU», «НOME MAK» тұрғын үй кешендерін жарнамалап, халықтан қаражы жинаған.
Биыл көктемде Ақтөбеде 421 млн теңге үлескерлердің ақшасы жымқырған іс ашылды. Бұл қаржыны 75 үлескер көпқабатты тұрғын үй құрылысына салған. Жалпы облыс аумағында үлестік құрылыс бойынша 11 проблемалық нысан анықталды. 745 жәбірленуші бар, ал келтірілген шығын — 5,6 млрд теңге.
Ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде де тіркелген. Мұнда 200-ге жуық азамат құрылыс компанияларына 3 млрд теңгеге жуық қаржы салған. Алайда бұл компаниялардың үлескерлерден қаражат тартуға рұқсаты болмаған. Олар өз әрекеттерін пәтерлерді «алдын ала брондау» деген желеумен бүркемелеген.
2024 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Алматыда құрылыс компаниясының атын пайдаланып, «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешендерінен алдын ала пәтер сатқан 7 риелтор 150 азаматтан 3,5 млрд теңге жинап алып оларды баспанасыз қалдырған.
Тағы бір ірі алаяқтық — 2024 жылдың тамызында Ақтөбе қалалық соты «Safina.kz» тұрғын үй кооперативінің төрағасына қатысты сот үкімі шықты. Күдікті 312 үлескерге 2,9 млрд теңге шығын келтірген.
Мемлекет мәселені қалай шешпек
Мыңдаған үлескердің зардап шеккені белгілі болған атышулы жанжалдардың аясында Қазақстан Үкіметі құрылыс және үлестік қатысу саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірледі. Қазір бұл құжат Қазақстан Республикасының Президентінің қол қоюына жолданған.
Аталған заң жобасы елімізде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысты жарнама жүргізу тәртібіне түбегейлі өзгерістер енгізеді. Ол 2022 жылы бастама ретінде көтеріліп, қызу талқылауларға себеп болды. Заң жобасын әзірлеуге Мемлекет басшысының үлескерлерден қаражат тарту саласындағы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмалары негіз болды.
2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта жоба антикоррупциялық және құқықтық сараптамадан өтіп, Парламенттегі жұмыс топтарында бірнеше рет қаралды.
2025 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша заң жобасын Мәжіліс пен Сенат мақұлдады.
Атап айтқанда, екі негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді:
1. «Жарнама туралы»
2. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдар.
Жарнама жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар едәуір күшейтілді. Жаңа редакцияда:
1. Көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің жарнамасына тікелей тыйым салынды, егер:
* Құрылыс салушының үлескерлерден қаражат тартуға рұқсаты болмаса;
* Бірыңғай оператормен кепілдік шарты жасалмаса;
* Жоба банк арқылы қаржыландырылмаса.
2. Бұрынғы заңнамада жарнамаға рұқсат беретін бекітілген жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) негізінде жарнама жасау мүмкіндігі болған. Бұл заңдағы олқылық құрылысшылардың жарнама арқылы сенімге кіруіне жол ашқан. Енді бұл норма алынып тасталды.
3. Жарнаманың шынайылығы туралы талаптар нақтыланды:
* объектінің мақсаты;
* сатып алу шарттары;
* пайдалануға берілу мерзімі;
• заңды мәртебесі жөнінде адастыратын формулировкаларды қолдануға тыйым салынды.
Құқық саласының маманы, құрылыс, жарнама және цифрлық реттеу бойынша заңгер Шыңғыс Оралбаевтың түсіндіруінше, бұл өзгерістер мынаны білдіреді:
– Құрылыс салушы үлескерлердің құқығын қорғайтын үш негізгі шарттың бірі болмаса, құрылыс объектісін жарнамалауға құқылы емес:
- әкімдіктің рұқсаты;
- бірыңғай оператормен кепілдік шарты;
- банктік жобалық қаржыландыру механизмі.
– Тікелей тыйым салынатын жарнама түрлері:
* сыртқы жарнама (фасадтық баннерлер, жарық қораптар және т.б.);
* көліктегі, құрылыс қоршауларындағы және уақытша объектілердегі жарнама;
• цифрлық жарнама (әлеуметтік желілердегі жазбалар, бейнероликтер, контекстік және таргеттелген жарнама);
* сайттар, лендинг беттер, пәтер сату схемасы мен уәде етілген артықшылықтар жазылған онлайн алаңдар.
Сонымен қатар кейінгі жылдары құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала әкімдіктері үлескерлерден қаражат тартуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының «қара тізімін» тұрақты түрде жариялап келеді.
Үлескерлік құрылыс мәселелері бүгін Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында және «Біздің орта» подкастында кеңінен талқыланады.