Жалған құжатпен жүрген 3 өзбекстандық ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері жалған құжаттарды пайдаланған Өзбекстанның 3 азаматын ұстады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы көші-қон полициясы қызметкерлері «Алматы-Нүкіс» бағытындағы жолаушылар пойызы вагондарының бірінде жолаушылардың жеке құжаттарын тексеруі кезінде Өзбекстан Республикасының 3 азаматының көші-қон карточкасында ҚР ІІМ ІІО-ның жалған мөрі басылғанын анықтады», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-тармағы бойынша (көрiнеу жалған құжатты пайдалану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Көлік полицейлері 2016 жылдың басынан бері Қазақстанға келу ережесін бұзған 1 112 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот қаулысына сәйкес 75 шетел азаматы елден шығарылды.