Бұған дейін әйел мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, жүктілік туралы жалған анықтама арқылы әкімшілік қамақтан жалтарған. Прокуратура құжаттың жалған екенін анықтап, нәтижесінде сот әйелді 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алды.
— Кейін жалған құжатты рәсімдеуге байланысты пара алу және дәлелдемелерді бұрмалау ісі бойынша кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды, — делінген хабарламада.
Прокуратура жалған медициналық анықтаманы пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды зерделеді. Нәтижесінде 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтілді. Құжаттардың электронды нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі де жойылды.
Осылайша, прокуратура жалған анықтама бойынша кінәлілерді жауапқа тартумен қатар, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін медициналық құжат айналымы жүйесіне өзгерістер енгізді.
Бұдан бұрын Жаңа адамдар астаналық клиникадағы жалған анықтама сату дерегін әшкерелегенін жазғанбыз.