Жаңа адамдар астаналық клиникадағы жалған анықтама сату дерегін әшкереледі

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа адамдар AntiLIPA азаматтық науқаны аясында Ayana Clinic жеке меншік клиникасының алдында резонансты акция өткізді. Белсенділер өрескел заңбұзушылықтар мен жалған медициналық құжаттардың жүйелі сатылымын анықтады.

Жаңа адамдар
Фото: Жаңа адамдар

Екі ай бойы Жаңа адамдар командасы Астанадағы Қаныш Сәтбаев көшесі, 13/3 мекенжайында орналасқан Ayana Clinic қызметін бақылады. Тергеу нәтижесінде медициналық анықтамаларды қолдан жасауға қатысты көптеген деректер тіркелді. Ең алаңдатарлық мәселе — бұл мекемеде ешқандай медициналық құрал-жабдық жоқ. Тек принтер, кассалық аппарат және жалған мөрлердің үйіндісі ғана бар. Кез келген құжатты небәрі бірнеше минутта сатып алуға болады — ешқандай талдау, тексеру, тіпті визуалды қарау да қажет емес. Белсенділердің біріне интернеттен жүктелген флюорография анықтамасы сатылған.

- Салғырттықтың ауқымын көрнекі түрде көрсету үшін AntiLIPA символикалық «анализ» банкаларын дайындады — бұл нақты үлгілері мүлде тексерілмеген адамдар үшін жасалған белгі болды. Белсенділер түрлі иісті сұйықтықтар құйылған 150 банканы «тексеруге» алып келді. Акция нәтижесінде Ayana Clinic қызметі уақытша тоқтатылды, - деп жазды қоғамдық ұйымнан.

Жаңа адамдар
Фото: Жаңа адамдар

Жалған анықтама — бұл тек жүйені алдау емес, адамдардың өміріне төнетін тікелей қауіп. Мәселен, Ақтөбедегі көпбейінді балалар ауруханасында ашық түрдегі туберкулезбен ауырған медбике жұмыс істеген. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түрде растады. Қазір 700-ден астам бала мен 55 қызметкер байланыста болғандар ретінде тіркеліп отыр, өйткені олардың жанында қауіпті инфекция жұқтырған адам жүрген. Бұл жағдай тек бақылаудың әлсіздігінен ғана емес, қоғамның бейжайлығынан да туындап отыр. Жауапкершілік — анықтама сатып жатқан, сатып алатын және мәселені әдейі елемеуді таңдаған әр адамның мойнында.

Жаңа адамдар
Фото: Жаңа адамдар

«Анықтама, сертификат немесе диплом сатып алуға болатын осындай клиникалар, авто-мектептер мен университеттер — себеп емес, салдар. Біз бәрімізді адал дәрігерлер емдеп, сауатты мұғалімдер оқытып, сенімді жүргізушілер тасымалдағанын қалаймыз. Алайда өзімізде қулық жасау мүмкіндігі туса, оны жиі пайдаланамыз. Жаңа Қазақстан жалғандықпен құрылмайды. Ол адал таңдаудан басталады, тіпті алдау оңай болса да», - дейді Жаңа адамдар жастар қозғалысының өкілі Львов Даниил.

Жаңа адамдар медициналық қызмет сапасына мұқият қарауға және қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы сөз болғанда шетте қалмауға шақырады.

Айта кетейік, бірқатар медициналық анықтама енді eGov арқылы беріледі.

Соңғы жаңалықтар