Темір ауданы Шұбарқұдық кәсіпшілігі ауылының тұрғыны өзінің бір баласы үшін бір сынып ашылғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
— Менің балам жылғыз өзі бірінші сыныпқа барады. Бір сынып — бір оқушы. Ата-аналар чаты болмайды, 25 анамен бірге ата-аналар жиналысы өтпейді. Барлық ананың арманы осы ма?.. Біздің ауылда орыс сыныбына бала жиналмады, сондықтан біз ғана боламыз. Сынып емес, жеке оқу болады, — деп қалдырған Kriіssew өз жазбасында.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде құжат қабылдау жүріп жатыр. Бір оқушының құжат тапсыруы бір сынып ашылады деген сөз емес.
— Егер оқушы саны жетпесе, балалар жақын маңдағы білім ордасына жіберіледі. Әзірге нақты шешім қабылданбады, — деді баспасөз қызметі.
Бұл жағдайда ауылға жақын орналасқан аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналастыру туралы ұсыныс берілген.
Айта кетейік, Темір ауданы Шұбарқұдық кәсіпшілігі ауылында 1500-ден астам адам тұрады. № 2 Шұбарқұдық қазақ-орыс жалпы білім беретін мектепте 365 оқушы бар. Барлығы 18 сыныптағы 323 оқушы қазақ тілінде, 8 сыныптағы 42 оқушы орыс тілінде білім алады.
Еске салсақ, Ақтөбе мектептерінде 400-ге жуық педагогтің орны бос тұр. Мұғалім қала және барлық аудан мектебіне керек.