Концертті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырды. Бағдарлама Жамбылдың ақындық, жыршылық және музыкалық мұрасын қамтыды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбековтің айтуынша, концертке Жамбыл шығармаларын орындайтын өнерпаздар арнайы шақырылған. Кеште ақынның төл туындыларымен қатар, оның шығармашылығына арналған басқа авторлардың еңбектері де орындалды.
– Бүгінгі концерт Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бағдарламада ақынның көптеген шығармасы қамтылған. Оның ішінде Жамбылдың өз нұсқасындағы «Қызылбек» дастаны, «Көроғлы» жыры, Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл жыр» туындысы және Жамбыл мен Айкүмістің айтысы бар. Сонымен бірге Жетісу өңірінің шығармашылық мұрасы мен Жамбылдың сөзіне жазылған қазіргі композиторлардың туындылары да орындалады, – деді Ерболат Шалдыбеков.
Оның айтуынша, концерттің тағы бір ерекшелігі – оған әр буынның өкілдері қатысып, дәстүрлі өнердің жалғастығын көрсетті. Сахнада жас орындаушылармен қатар, орта және аға буын өнерпаздары да өнер көрсетті.
Кеш бағдарламасында Жамбылдың «Жиырма бес», «Сарыбайға», «Қайта келген жастық», «Жаз», «Алғадай», «Ақындарға арнау», «Үгәй-үгәй» шығармалары орындалды. Сондай-ақ Шашубай, Нартай, Майасар, Қалқа сынды ақындардың туындылары жас әншілердің орындауында жаңғырды.
Концерт аясында көрнекті композитор Ермұрат Үсеновтің «Жамбылға арнау» атты жаңа шығармасы алғаш рет орындалды. Туындыны «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі ұсынды.
Бұған қоса, Сүйінбай Аронұлының, Қабан жыраудың, Кенен Әзірбаевтың, Төлеген Момбековтің, Латиф Хамидидің шығармалары, халық әндері мен күйлері орындалды. Ұлттық би өнері де концерттің көркемдік мазмұнын толықтырды.
Рухани кешке Ерболат Шалдыбеков, Гүлниза Жұмажанова, Перизат Тұрарова, Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан, Перизат Омарбекова, Біржан Айтахмет, Мақпал Тоқтағанова және басқа да өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Гүлдер» ансамблі өнер көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін, осындай концерт Бейжіңде аталып өткенін хабарлаған едік.