Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратын жөндеген мердігер лицензиясынан айрылды

Фото: Юрий Ким

ТАРАЗ. KAZINFORM — Сот облыстық әкімдік ғимаратының күмбезін жөндеу кезінде жол берілген кешіктіру мен сапасыздық жөніндегі істі қарады. Мердігер тапсыру мерзімін бұзып, бірқатар ақауларға жол берген. Осылайша, мердігер компания мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Облыстық әкімдік күмбезін жөндеу төңірегіндегі дауды сотқа дейін жетпеуі керек еді. Яғни ғимарат қаланың орталығындағы сәулетті нысандардың бірі саналады және жөндеу жұмыстары тез әрі артық дау-дамайсыз аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігердің жұмысты уақытында бітірмегенінен бөлек, ақаулары көзге анық көрініп тұрғандықтан, тапсырыс беруші сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

24 млн теңгеден асатын келісімшарт осы жылдың маусым айында жасалған. Жұмысты орындауға 60 күнтізбелік күн берілген. Бірақ сот анықтағандай, жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған, ал жекелеген элементтердің сапасы талаптарға сай келмеген.

Биылғы қыркүйекте жүргізілген тексеру барысында әкімдік комиссиясы бірқатар кемшіліктерді анықтады: 23 әйнек қараңғыланбаған, шытынаған әйнектер ауыстырылмаған, мырыш жалатылған қаңылтырлар майысқан және конструкцияда саңылаулар бар, люк орнатылмаған, күмбез ішінде құрылыс қалдықтары қалып қойған.

Мердігер кешігудің өзі тапсырыс берушінің өтініші бойынша болғанын алға тартты. Яғни әкімдік ғимараттың орталық бөлігіне жұрт назарын артық аудартпау үшін шыны панельдерді толық бұзуға рұқсат бермеген көрінеді. Сотта әкімдік өкілі кезең-кезеңімен ауыстыру талабы болғанын растағанымен, бұл мердігердің жұмысты сапалы әрі уақытында орындау міндетін жоққа шығармайтынын атап өтті.

Іс қорытындысы бойынша компания 743 мың теңгеден астам сомадағы айыппұлды ерікті түрде төледі. Сондықтан сот айыппұл өндіру талабын қанағаттандырудан бас тартты, бірақ сонымен бірге мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп таныды.

Еске сала кетсек, Алматыда екі құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылғанын жазғанбыз. Артынша Алматыда тағы бірнеше құрылыс компаниясы мен техникалық қадағалау ұйымдары лицензиясынан айырылды.