Жамбыл облысынан Алматыға 113 келі есірткі жеткізген ағайындылар ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді.

Фото: ҰҚК

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 113 келіден астам есірткі затын тәркілеп, бұған дейін есірткі қылмыстары үшін сотталған ағайынды азаматтарды ұстады.

— Алатау ауданында арнайы жасақтың қолдауымен Жамбыл облысының екі тұрғыны ұсталды. Үй аумағын тексеру кезінде өсімдік тектес заттар жасырылған орындар анықталды. Полиция екі қорап пен үш пакет есірткі затын, сондай-ақ каннабис тобына жататын 26 түп өсімдікті тәркіледі, — деп хабарлады полициядан.

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттардың арасында 100 келіден астам кептірілген марихуана мен 13 келіден астам гашиш болған. Есірткінің жалпы салмағы 113 келіден асты.

Қазір екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалған. Полиция есірткі жеткізу арнасына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы қаладағы университеттерге бомба қойылғаны туралы ақпаратты тексерді.