Жамбыл облысында 1,4 млрд теңгеден астам қарызға қатысты дау реттелді

АСТАНА. KAZINFORM – Химиялық өнім жеткізуші тауар ақысын толық ала алмаған соң сотқа жүгінген. Тараптар қарызды 2026 жылғы қарашаның соңына дейін үш төлеммен өтеу туралы келісімге келді. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

Фото: Kazinform / ЖИ

Кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық 2026 жылғы қаңтарда басталған. Келісімшарт талаптарына сәйкес, жеткізуші химиялық өнімді тапсыруға, ал сатып алушы тауар ақысын 30 күн ішінде төлеуге міндеттенген. Жеткізуші өз міндеттемелерін толық орындағанымен, сатып алушы қаражаттың бір бөлігін ғана аударған.

Қарыз көлемі 1,4 млрд теңгеден асты. Ақшаны өндіріп алу үшін жеткізуші Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді.

Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация арқылы реттеді. Сатып алушы қарызын мойындап, оны 2026 жылғы қарашаның соңына дейін үш төлеммен өтеуге міндеттенді. Сот келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.

Егер сатып алушы келісім талаптарын өз еркімен орындамаса, жеткізуші атқару парағын алып, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы.

Еске салайық, бұған дейін Тараз тұрғыны ұрланған көлікті сатып алып, сот арқылы 6,5 млн теңгесін өндіріп алғанын жаздық.

Ал Қазақстан соттары тоғыз айда 1,6 млн азаматтық істі қарады.