Жамбыл облысында 34 млн теңгенің малы ұрланды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 4 айдың ішінде Байзақ ауданының ауыл тұрғындары 400-ге жуық қой-ешкісінен айырылған. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 4 адам ұсталды.

Фото: ІІМ

Биыл шілде мен қазан айлары аралығында Байзақ ауданының ауылдарында бірнеше рет мал ұрлығы тіркелді. Ұрылар малды жайылымнан да, қорадан да айдап әкеткен.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, барлығы 384 бас ұсақ мал ұрланған. Келтірілген шығын көлемі — 34 млн теңге.

Криминалдық полиция қызметкерлері 4 күдіктіні ұстады. Қазір тергеу олардың мал ұрлығының төрт дерегіне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Іс бойынша заттай айғақтар жиналып, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алынған.

Аса ірі мөлшерде бірнеше рет мал ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Төрт күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция күдіктілердің өңірдегі осыған ұқсас өзге де мал ұрлығына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Еске сала кетейік, Абай облысының Бесқарағай ауданында мал ұрлығымен айналысқан 11 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жалпы жыл басынан бері Қазақстанда мал ұрлығына қатысты 460-қа жуық күдікті ұсталып, 3 мыңнан астам мал заңды иелеріне қайтарылды.