Жамбыл облысында 8,6 млн теңге алимент қарызы мүлікпен өтелді

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында алимент бойынша 8 млн 659 мың теңге қарыз жылжымайтын мүлік беру арқылы өтелді. Мүлік алимент алушыға берілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Kazinform / ЖИ

Жамбыл облысының Әділет департаментінің мәліметінше, осы жылдың тоғыз айында алимент қарызы есебіне бір жылжымайтын мүлік нысаны берілген.

Соған қарамастан, өңірде алимент өндіру мәселесі әлі де өзекті. Қазір жалпы сомасы 346,9 млн теңгеге жеткен қарызы бар 232 іс проблемалық деп танылған.

Сонымен қатар үш айдан астам уақыт бойы алимент қарызы өтелмеген 638 атқарушылық құжат есепте тұр. Бұл істер бойынша борышкерлер төлем жасап жүргенімен, берешекті толық өтемеген.

Алимент төлеушілер арасында әйелдер де бар. Өңірдегі жеке сот орындаушылары 307 әйелден алимент өндіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да биыл баласына алимент төлемеген 21 адам сотталғанын жазған едік.

Ал Маңғыстау облысында 37 млн теңге алимент өндіріліп, 25 борышкер жауапқа тартылды.