Жамбыл облысында 930 бала арнайы медициналық тексерістен өтпеген — Прокуратура
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында прокурорлар кәмелетке толмағандарды медициналық тексеруден өткізу кезінде құқық бұзушылықтар болғанын анықтады. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлімдеді.
Жуалы ауданының прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңдылықтың жай-күйіне жүргізген талдау барысында медициналық мекемелердің балаларға профилактикалық медициналық тексерулер ұйымдастырмағанын анықтады.
— Жуалы ауданының 7 білім беру ұйымында 930 кәмелетке толмаған бала арнайы медициналық тексеруден өтпеген, бұл олардың кепілдендірілген медициналық көмек алу құқығын бұзып отыр, — делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде балалар тексеруден өте бастады, ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысын жалғастырады.
Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысында 300-ден астам адамды алдаған алаяқтар анықталды.