Жамбыл облысында 300-ден астам адамды алдаған алаяқтар анықталды
ТАРАЗ. KAZINFORM –Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Жамбыл облысы полиция департаментінің «Cyberpol» ведомствоаралық тобының нәтижелі жұмысының арқасында 2021 жылдан 2025 жылға дейін 300-ден астам интернет-алаяқтық фактілерін жасаған 12 адам ұсталды.

— Жамбыл облысының тумасы 6 сыбайласымен бірге интернет арқылы несие рәсімдеу жолымен 147 азаматтың жалпы сомасы 101 млн теңге қаражатын иемденген. Бұл қылмыстық топ үш жыл бойы Тараз қаласындағы жалға алынған кеңседе екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеумен айналысқан, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша биыл қаңтар айында ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Мамыр айнда қылмыстық іс сотқа жолданды.
— Байзақ ауданында 2025 жылдың қаңтар айынан бастап наурыз айына дейін ерлі-зайыпты жұп «WhatsApp» чаты арқылы нарықтағы бағадан төмен бағада ыдыс-аяқ сатамыз деп жарнама жасап, алаяқтық және сенімді теріс пайдалану мақсатында 200 жәбірленушінің 120 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Сәуір айында аталған факті бойынша Байзақ аудандық полиция басқармасы ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады, — делінген прокуратура хабарламасында.
Күдіктілер ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі облыстық полиция департаменті тергеп жатыр, прокуратураның бақылауында.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетелік Алматы облысында «зейнетақыңды шешіп беремін» деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталған еді.