Жамбыл облысында алаяқтардың құрбаны сот арқылы 2 млн теңгесін өндіріп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында алаяқтардың нұсқауымен аударылған ақшаны алған екі азамат сот шешімімен жәбірленушіге әрқайсысы 1 млн теңгеден қайтаруға міндеттелді. Сот бұл қаражатты негізсіз баю деп таныды.

فوتو: kazinform/ج ي

Талас аудандық сотының мәліметінше, Ақтау қаласының тұрғыны 2026 жылғы маусымда телефон алаяқтарының арбауына түскен. Белгісіз адамдар өздерін ХҚКО, банк және полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелді банк шоттарын қорғау қажет екеніне сендіріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

Психологиялық қысымға ұшыраған әйел жалпы сомасы 4,4 млн теңгеге несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған.

Осы оқиғадан кейін алаяқтық дерегі бойынша тергеу басталды. Тергеу барысында жәбірленуші танымайтын екі азаматтың шотына 1 млн теңгеден түскені анықталды. Әйелдің оларға ешқандай қарызы болмаған және ақша аударуға негіз жоқ еді.

Ақшаны алған басқа адамдар 2,2 млн теңгені өз еркімен қайтарған. Ал аталған екі азамат шоттарына түскен жалпы 2 млн теңгені қайтармаған. Осыдан кейін жәбірленуші олардың әрқайсысынан 1 млн теңгеден өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түсірді.

Сот талапты толық қанағаттандырды. Жауапкерлер алған қаражат негізсіз баю деп танылып, олардан негізгі сомамен бірге мемлекеттік баж төлеуге кеткен шығын да өндірілді.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда 25 мың теңге үшін TikTok-та алаяқтық жасаған әйел 2,5 жылға сотталғаны туралы жаздық.