Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері сегіз мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 32,2 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Сонымен қатар, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 909 агроқұрылымға жалпы сомасы 20,3 млрд теңге несие ұсынылған.
Биыл саланы қолдауға қарастырылған қаражаттың жалпы көлемі - 47 млрд теңге. Оның 33,5 млрд теңгесі субсидиялауға, 6,5 млрд теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін іске асыруға, тағы 7 млрд теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасына бағытталған. Қолдау шаралары жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілерін де, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобаларды да қамтиды.
Саланы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – сүт өндіретін фермалар құру. Басқарма жүзеге асырылған жобалардың қатарында 450 басқа арналған «Қайсар» шаруа қожалығының және 400 басқа арналған «Азнур Агро» АӨК-нің фермаларын атады. Екі жобаның жалпы қуаты 850 басқа жетеді.
Жаңа фермалар өңірдегі мал шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Басқарманың дерегінше, биыл облыста 200,5 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өскен. Ет өндірісі 2,4%-ға артып, 98,3 мың тонна болды. Ал жұмыртқа өндіру көлемі 98,1 млн данаға жетіп, былтырғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары көрсеткіш тіркелді.
Облыстағы ірі қара мал саны 476 мың басқа жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға көп. Басқарма өкілдері мал шаруашылығының одан әрі дамуын мал өнімділігін арттырумен және инвестициялық жобаларды іске асырумен байланыстырады.
Өзгерістердің тағы бір бағыты егіс алқаптарында жүзеге асырылып жатыр. Жамбыл облысында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, аталған технологиялар 76,8 мың гектар алқапта қолданылады. Оның ішінде тамшылатып суару жүйелері 52,8 мың гектарды қамтыса, жаңбырлатып суару әдісі 20 мың гектарға енгізілген. Сонымен қатар, өңірде жерді лазерлік тегістеу технологиясы да қолданылып келеді.
Алдағы уақытта мұндай технологияларды жыл сайын қосымша 10 мың гектар алқапқа енгізу міндеті қойылған. Басқарма мәліметінше, бұл - шаруашылықтардың суару әдістері мен жер дайындау тәсілдерін кезең-кезеңімен жаңғыртуына бағытталған жұмыс. Ведомство су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және су шығынын азайтуды саланың бүгінгі күнгі басты міндеттерінің қатарына жатқызады.
Жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың қатарында «Мерагро Холдинг LTD» ЖШС мен «Аспан агро» шаруа қожалығында жаңбырлатып суару техникасын орнату жұмыстары бар. Осылайша, суды үнемді пайдалану бағытындағы жұмыстар өңірлік көрсеткіштермен қатар, жекелеген ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жобалары арқылы да көрініс тауып отыр.
Жалпы, 2026 жылы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектар алқапқа егілді. Өткен жылы егіс көлемі 640 мың гектар болған. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 377,3 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 177,7 мың гектарды алып жатыр. Азықтық дақылдар алқабының кеңеюі мал шаруашылығы, соның ішінде сүт өндіру бағытындағы шаруашылықтар үшін де маңызды.
Он айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 562,8 млрд теңгеге жетті. Өсім 5,1%-ды құрады. Басқарма алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, суармалы жерлерді дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 25,4 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылғанын жазғанбыз.
Алексей Поляков